Мұғалімдер

Қазақстандықтар енді мекенжай анықтамаларын мемлекеттік органдар мен кадр қызметтеріне апармайды

Оны азаматтан талап ететін ұйым анықтаманы Egov порталынан өзі алуы тиіс.

Қазақстандықтар бұдан былай мекенжай анықтамасын өздері алып, тапсыру міндетінен босатылады. Ондай анықтаманы талап ететін ұйым оны азаматтың келісімімен электрондық үкімет порталы арқылы өзі жүктеп алуы қажет. Бұл туралы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлімдеді.

Министр қоғам пікірін зерделеп, мекенжай анықтамасын негізінен бұл құқығы жоқ мемлекеттік органдар мен еңбек кодексінде қарастырылмаған жағдайларда жұмысқа қабылдау кезінде жеке компаниялар талап ететінін анықтаған. Алайда кейбір азаматтар мекенжай анықтамасын мүлдем алып тастау туралы бастамаға қарсы пікір білдірді.

«Кімге азаматтан мекенжай анықтамасы қажет болса, оны өзіңіз ала аласыз. Бірақ енді азаматты ХҚКО-ға баруға мәжбүрлемейсіз. Біз осы анықтаманы жеке тұлғаларға көрсетілетін қызметтер тізімінен алып тастайтын пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Кадр бөлімінің қызметкері немесе басқа да мекеме өкілі Egov порталына кіріп, азаматтан SMS арқылы рұқсат алғаннан кейін анықтаманы жүктей алады», – деді министр.

Қазірдің өзінде 7 миллионнан астам қазақстандық мобильді азаматтар базасында тіркелген және үшінші тұлғаның анықтама алу сұранысын SMS арқылы растай алады. Олар ешқайда бармай-ақ анықтамаларды растай алады.

Қалған азаматтарға бір реттік тіркеуден өтіп, ХҚКО-да өз нөмірін тіркеу қажет. Бұл бірнеше минут қана алады және көптеген артықшылықтар береді. Тіркеуден кейін азаматтар Telegram арқылы ЭЦҚ-сыз 25-тен астам қызмет түрін пайдалана алады.

«Құрметті мекенжай анықтамасын талап етушілер! Жақын арада ІІМ және АДГСПК-мен бірлесіп пилоттық жобаның басталу күнін анықтаймыз. Осыдан кейін азаматтар сізге анықтама апармайды. Оны өзіңіз алуды үйреніңіз. Қажет болса, ХҚКО кеңесшілері көмектесуге дайын», – деп түйіндеді Асқар Жұмағалиев.


Фактчекинг | Қазақстан мектептерінде мұғалімдердің 90%-ы — әйелдер ме?

2024 жылғы 1 ақпанда «Алматы ақшамы» газетінде «Көп — апай, аз — ағай: неге мектепте ер мұғалімдер азайып барады?» атты социологиялық сауалнама жарияланды. Онда мектеп мұғалімдерінің 90%-ы әйелдер, тек 10%-ы ер адамдар екені айтылған. Сондай-ақ әр мектепте 6–7 ер мұғалім жұмыс істейтіні туралы мәлімет келтірілген. Бұл жағдайдың жаңалық еместігімен қатар (және ол жалақы теңсіздігімен де түсіндіріледі), ұсынылған статистика назар аударуға тұрарлық.

Мәлімдеме: Мектептерде мұғалімдердің 90%-ы әйелдер, қалған 10%-ы — ер адамдар
Үкім: Манипуляция

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің деректеріне сәйкес, еліміздегі жалпы орта білім беру ұйымдарында мұғалімдердің 81%-ы — әйелдер, 19%-ы — ер адамдар.

90/10 қатынасы көбірек әсерлі естілуі мүмкін. Расымен, айқын гендерлік теңгерімсіздік бар, бірақ жағдай бұл көрсеткішке қарағанда азырақ радикалды.

Мәлімдеме: Әр мектепте шамамен 6–7 ер мұғалім жұмыс істейді
Үкім: Шындық, бірақ...

Иә, Қазақстандағы орта мектептерде орта есеппен 7–8 ер мұғалім жұмыс істейді. Бірақ бұл — орташа статистика ғана. Кей мектептерде мүлдем ер мұғалім болмауы да мүмкін.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2018/2019 оқу жылында елде 7 339 мектеп болған. Демек, әр мектепте орта есеппен 7–8 ер мұғалім мен 31–32 әйел мұғалім жұмыс істеген. Бұл оқу жылында мектептерде 3 039 100 оқушы білім алған.


Егер factcheck.kz сайтындағы мақалада аталған тұлғалар немесе оқырмандар біздің үкіммен не дәлелдермен келіспесе, дәлел құжаттарын ұсынғаннан кейін редакция үкімді қайта қарауға және тиісті материалдарды қосуға құқылы. Бұл жарияланымдар «Сорос-Қазақстан» қорының қаржылық қолдауымен дайындалған. Жарияланым мазмұны автор(лар)дың көзқарасын білдіреді және ол Сорос-Қазақстан қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.